Отбасым күншуағым

   Қазақстан Республикасы Президентінің 2013 жылғы 1 наурыздағы №3827 жарлығымен елімізде қыркүйектің екінші жексенбісі Отбасы күні болып белгіленді.
 Осыған орай қыркүйек айының 6 жұлдызында Ақтоғай аудандық орталықтандырылған кітахана жүйесінде  «Отбасым күншуағым » атты Алтын мен күміс той иелері Сейтов Сайлаубай мен жұбайы Гүлнар  мен Ноғаев Жасқайрат жолдасы Раушандармен кездесу кеші өтті.
  Мақсаты - отбасындағы тәрбиенің маңыздылығын, ата-ана мен тәрбиеші арасындағы ортақ мәселе – бала тәрбиесі жайлы түсінікті тереңдете түсу. Баланы бауырмалдыққа, адамгершілікке, еңбекқорлыққа, үлкенді сыйлап, отбасына көмекші болуға тәрбиелеу.
  Отбасы – адам үшін ең жақын әлеуметтік орта. Отбасы белгілі дәстүрлердің, жағымды өнегелердің мұралар мен салт-дәстүрлердің сақтаушысы. Отбасында бала алғаш рет өмірмен, қоршаған ортамен танысып, мінез-құлық нормаларын игереді. Отбасы баланың азамат болып өсуінің негізі болып табылады.
   Отбасының басты қызметі баланы тәрбиелеу. Отбасы тәрбиесі – бұл жалпы тәрбиенің ең басты бөлігі. Ата-ана және отбасы мүшелері жас нәресте дүниеге келген күннен бастап, оның өміріне қамқорлық жасап, болашағын жоспарлайды және саналы азамат болып өсуі үшін қажет жағдай жасайды. Бұған баланың қажеттігін толық қанағаттандыру, оны дене және ой еңбегіне үйрету, күн тәртібін дұрыс реттеуге , салауатты өмір сүруге, адал болуға тәрбиелеу, жақсылықты үйретуге, жамандықтан жиренуге үйрету, бойында жастайынан мәдени құндылықтар мен адамгершілік қасиеттерді қалыптастыру жатады Әр халықтың бала тәрбиесіндегі өзіндік ерекшеліктері арқылы сол халық отбасы тәрбиесінің де өзіне ғана тән мәдени құндылықтары қалыптасады.
  Қазақ отбасы тәрбиесінің өзіне тән ерекшеліктері оның халықтық педагогика мұраларының мазмұны мен түрлерінде бейнеленген. Көне заманнан-ақ қазақ халқында жазбаша педагогикалық еңбек жазып қалдырмаса да білгір педагогтар, тәрбиешілер, ұстаздар болған. Олар өз көзқарастары мен әрекеттерінде белгілі бір дәстүрлі дүниетанымды ұстанып, халықтың мұраттары мен арман тілектеріне сүйеніп отырған. 

  Қазақ отбасында дене, еңбек, ақыл-ой, адамгершілік, экономикалық, экологиялық, құқықтық, сұлулық тәрбиелері жүргізілген. Қазақ отбасында аталған тәрбие түрлерін жүзеге асырудың мақсаты жан-жақты жетілген азамат тәрбиелеу болды.Отбасындағы дене тәрбиесінің мақсаты бала денесін дамыту, денсаулығын нығайту, ағзасын шынықтыру және күн тәртібін дұрыс ұйымдастыруға, салауатты өмір салтына тәрбиелеу болды. Қазақ халқы еңбекті бүкіл тәрбие жүйесінің күретамыры деп қарастырды. Еңбекке асыл мұрат деңгейінде қарады. Еңбек тәрбиесі деп баланы еңбекке сүйіспеншілікпен, еңбек адамдарына құрметпен қарауға, халық шаруашылығының салаларындағы еңбек түрлеріне баулу, еңбек іс – әрекетінің барысында олардың дағдысы мен іскерлігін қалыптастыру, болашаққа мамандық таңдауға дайындауды түсінді. Отбасында еңбекке тәрбиелеу, баулу мен кәсіптік бағдар беру баланың қоғамға пайдалы , өнімді еңбекке тікелей қатысуы оқуға деген сапалы көзқарасты тәрбиелеудің, жеке адамды адамгершілік және зиялылық жағынан қалыптастырудың негізгі көзі болып табылады

   Кеште Кіріспе сөз оқылғаннан кейін Әбіл Ұлпан ән шырқап, әрі қарай қарай презентациямен  байланыстырылған шолу оқылды. Шолудан соң Серік Ұлпан мен Ныған Нұрсәт өздерінің вальс билерімен көрермендердің қошеметіне ие болды. 

   Тамаша биді тамашалап болғаннан кейін алтын және күміс той иелері қонақтарымыздың "
Берік отбасының кілті неде?", "Отбасыларыңызда болған қызықты оқиғаларыңыз", "Ене мен келіннің арасындағы қарым - қатынас (сол туралы ойыңыз)", "Бала тәрбиесін қай жастан  бастап тәрбиелеген дұрыс?"
сұрақтарына жауап берді.

    Кеш соңында алтын және күміс той иелеріне сыйлықтар табысталды. Келген қонақтар ризашылығын айтып кетіп жатты. 


    


Презентацияны мына сілтеме арқылы көре аласыз.
Кеш барысындағы фотосуреттер




Комментарии