Ә.Бөкейханұлының туғанына 150 жыл толуына орай конференция


Тәуелсіздіктің 25 жылдығымен тұспа-тұс келген Алаш қайраткері, ұлт көсемі Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейханның туғанына 150 жыл толуына орай Ақтоғай аудандық орталықтандырылған кітапханасында "Әлихан аға мыңнан шыққан тұлпар" атты конференция болып өтті. 
Осынау ұлы тұлғаға арналған шарада алғашқы болып сөз алған Халықаралық қазақ тілі қоғамының аудандық бөлімшесінің төрағасы, өлкетанушы, аудандық этнографиялық мұражайда көп жылдар бойы директорлық қызмет атқарған, зейнеткер Тұңғышбай Мұқан Өміртайұлы Алаш қайраткері туралы тың ойлармен бөлісті. Жылдар бойы зерттеліп жатқан жұмыстың нәтижелерімен таныстырды. Сондай-ақ бұл кеште медицина саласының үздік дәрігері, кітапхананың тұрақты оқырманы Рахимбеков Оразбек, Сарытерек ауыл тұрғыны, зейнеткер ұстаз, Әлихан Бөкейхановтың ұрпағы Кәтепова Орал Кәтепқызы, аудан тұрғыны мәдениет саласында көп жылдар еңбек еткен зейнеткер Жарова Ғайныш, Абай ауылының тұрғыны үздік ұстаз, ұрпағы Бегетаева Аниша Жасымбекқызы сөз сөйледі. Конференцияда Алаштың қара шаңырағын көтеруге күш салған қазақ зиялысы, қоғам және мемлекет қайраткері -Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейханның туған үйінің іргесін қайта көтеру туралы ірі мәселе айтылды.Ұрпағы Бегетаева Аниша Жасымбекқызы да бабасы жайлы жақсы естеліктерімен бөлісті. "Әлихан ағамның ет жеген табағы бүгінгі күні менің қолымда жәдігер болып төрімде сақтаулы тұр" деген Аниша Жасымбекқызы бабасы, ұрпақтары, немере-шөберелері туралы көптеген естеліктер келтірді. 
Сонымен қатар бұл жиынға Ә.Бөкейхан атындағы жалпы білім беретін тірек мектебінің тарих пәні мұғалімі, Жарқынбаева Гүлсім Байқожақызы, Агротехникалық колледжінің тарих пәні мұғалімі Қожабатчина Бақытжан Сағдатқызы қатысып, баяндама жасады. 
Ең соңында ардақты ағаларының рухына тағзым ретінде мектеп оқушысының арнауы оқылды. Зұлмат жылдардың құрбаны болып жазықсыз жазаланған аяулы Арыстарымыздың рухын аспандатып, есімдерін қайта жаңғырту, ұрпақтарына сын.

Комментарии